Дәріс №7 Тұтас педагогикалық үдерістегі тәрбие құралдары, формасы мен әдістерінің жүйесі

1. Тәрбие - педагогикалық процестің жетекшi компонентi

2. Тәрбие ұғымы қоғамдық категория ретiнде

3. Тәрбие құралдары, формасы мен әдістерінің жүйесі

Тәрбие адамдарға тән әлеуметтік категорияға жатады және тұлғаны дамытуда шешуші рөл атқарады. Даму дегеніміз, ең алдымен адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік ортада болады. Адам биологиялық жанды зат ретінде дүниеге келеді де, ол даму үрдісінде әлеуметтік қызметтерді (өмірге, адамдарға, еңбекке, тұтастай қоғамға қатысты, т.б.) атқару арқылы ғана тұлға болып қалыптасады.

Тәрбие әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып бағыттайтын, қоғамның қазіргі және болашақ өміріне қатысуға мақсаттылықпен даярлау ісі.

Тәрбие туралы түсінікке баланың жеке басының қалыптасуы мен дербес ерекшеліктерін ескерумен іске асырылатын толық қанды және толық құқылы тұлға тәрбиелеуге болады деп тануды талап ететін және педагогикалық процестің субьектісі ретінде тұлғаның қоғамдағы жаңа ұстанымы орнығады.

Тұлғаның «қалыптасуы» ұғымына баланың қоғамда өздігінен өмір сүруге қабілеттілігі, өз тағдырына өзі үкім ете білуі және өзінің қарым-қатынасын түсіне білу қабілетін меңгерген, сонымен бірге құндылық атаулыны тұрақты таңдай алу сияқты дамудың шартты түрдегі жетістіктері жатады. Тұлғаның қалыптасуы – тұлғаның шындықпен өзара әрекеті барысындағы өзгеріске түсу үрдісі және оның дене құрылысы мен әлеуметтік-психологиялық жаңаруындағы өзгерістердің пайда болуы.



Тәрбие жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, оны культурологиялық тұрғыдан оқып, үйренуге тура келеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды игеруде біріктіруші бастама - тәрбиенің маңызды құралы ретінде ана тіліне берілуі тиіс. Тіл арқылы кез келген халықтың даму дәрежесін, оның тарихын, мәдениетін түсінуге болады. Өз ұлтының тілін, музыкасын, әдет-ғұрпын, ауыз-әдебиетін, мақал-мәтелдерін білмеу, ол өз халқынан, өскен ортасынан, ұлттық менталитетінен жұрдай болып, қол үзу болып табылады. Өз халқымен рухани байланысы жоқ адам , тамырсыз өскен өсімдік, қуыс кеуде болып қалады. Ондай адамды космополит деп атайды. Өз халқының тілін, мәдениетін білмейтін адам өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын мақтан ете алмайды. Тәрбие адамзат қоғамының пайда болуымен бiрге бiте қайнасып дамып келе жатқаны бәрiмiзге де белгiлi. Педагогика ғылымы адам тәрбиесi жайлы ғылым болғандықтан, тәрбие категориясы да адамзат қоғамымен бiрге дамып, өзгерiп отырады. Алғашқы қауымдық қоғамның өзiнде ғылым-бiлiм дамымай тұрған кезден-ақ, адамдар үңгiрде өмiр сүрiп, аң аулап, тамақтарын тауып жегенде өз ұрпақтарына күн көрiстiң жолдарын мұра етiп үйретiп отырған. Мiне, мұның өзi адам баласының әлеуметтiк тәжiрибелерiн ұрпақтан-ұрпаққа берiп отыруы, олар әрекеттерiнiң тәрбиелiк сипат алғандығын дәлелдейдi.

Отбасының пайда болуымен және жеке меншiктiң шығуымен сәйкес тәрбие сипаты да бөлiне бастады. Үстем тап өкiлдерiнiң балалары ақыл-ой мен дене тәрбиесiне, ал қаналушы тап өкiлдерiнiң балалары еңбек тәрбиесiн алды. Қоғамда және тiршiлiкте болып жатқан күнделiктi құбылыстар тәрбие мәселесiнiң алдына жаңа мiндеттердi қойып отырды. Тәрбие бүгiнге дейiн бiр орында тұрған емес. Ол сан құбылып, сан өзгерiске ұшырап, қоғаммен бiрге жаңарып келедi. Жеке тұлғаны қалыптастыру мақсаты тәрбиелік процестің тұтастығын тұрақтандыруға назар аударады. Осыған орай, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің ортақ мақсатқа жетуге бағытталған өзара тиімді әрекеті, яғни ынтымақтастығы деуге болады.



Тәрбиенің мақсаты - қоғамды ізгілендіру мен демократияландыру үрдістеріне, нарықтық қатынастарға, жалпыадамзаттық құндылықтарға және тәрбиенің осы заманғы теориясына сүйенумен, Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін есепке алумен, өзінің ішкі мүмкіндігін өздігінен толық пайдалануға даяар, белсенді, іскер, қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін сезінетін, сонымен бірге қайырымды,- және тапқыр, қоғамдық талаптарға икем, жеке басының мүдделерін қоғамдық мүддемен ұштастыруға қабілетті, жеке басының құнын бағалай білуші, жоғары ойлы, адал, ұлттық санасы оянған, басқа да ізгі қасиеттері жетілген, мәдениетті азамат тәрбиелеу. Бүгінгі Қазақстан Республикасында халыққа білім, тәрбие берудің негізгі мақсаты - Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ету, оны бүкіл дүниежүзі мойындап, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тең қарым-қатынас жасау үшін оқушы жастарға Қазақстандық патриотизмді, өз Отанын сүйе білуді үйрету, саяси бостандықты қамтамасыз ететін нарықтық ірге тас қалаудың нәтижесінде, экономикалық бостандыққа қол жеткізу, осылардың бәрін іс жүзінде жүзеге асыратын ізгілікті жеке тұлғаны дамыту, білімді, іскер жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Осыған орай, мектеп мұғалімдерінен тәрбиенің мәнін, мақсаты мен міндеттерін жете түсініп, біліп, оны жүзеге асырулары талап етіледі.

Мақсат дегеніміз алға қойылған биік мұратқа ұмтылу, оны іске асыруға әрекет ету. Мақсат жас ұрпақтың болашағын алдын ала ойластырып, оларды өмірге әзірлеу барысында жүргізілетін тәрбие жұмысының нәтижесінде, жеке басына тән сапалық қасиеттерінің дамуын қамтамасыз ету. Тәрбиенің мақсаты мен жүйесі қоғамның дамуына тәуелді.

Мақсат пен міндет бүтін және бөлшек ретіндегі ара қатынаста болады, ол тәрбие жүйесіне және оның компоненттеріне тәуелді болады.

Тәрбие мақсаты жалпы және жеке болып келеді. Тәрбиенің жалпы мақсаты барлық азаматтардың бойында сапалық құндылықтардың, ал жеке мақсаты - жеке тұлғаның қалыптасуын көздейді. Қазіргі заманда тәрбие мақсатының алуан түрлі болуына қарай, соған сәйкес оның жүйесі жасалынады.

Тәрбиенің мақсатына обьективті себептер ықпал етеді, олар: адамның физиологиялық жетілуі мен психикалық дамуы, философия мен педагогика ғылымның жетістіктері, әлеуметтік ортаның қоғам мүддесіне қарай, үнемі өзгеріп отыруы.

Қоғамның мәдени деңгейі, тәрбие мақсатының жалпы бағытын анықтап отырады. Тәрбие мақсаты қоғамның нақты тарихи сипатына қарай өзгеріп отырады.

Тәрбие мақсатын тұжырымдауда, міндетті түрде табиғат, қоғам, адамның обьективті даму заңдылықтарына сүйену керек.

Гуманистік педагогика баланың білімге қызығушылығын оятуды ең басты мәселе деп қарайды. Сондықтан да, тәрбиеленушінің өз ынта-ықыласымен жетістікке жету мүмкіндігіне басшылық жасауға ерекше мән беріледі. Осыған орай, тәрбиелік мақсатты екіге бөлуге болады; бірінші қоғам алдындағы жалпы жоғары мұрат (идеал) және екінші, көкейтесті мақсат - жас ұрпақтың жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру. Соңғысы тұлғаның дамуы мен даралығын қалыптастыру және үздіксіз дамыту міндеттерімен нақтыланады.

Тәрбиенің обьектісі - тұлға болса, ұстаз оларды дамыту үшін оларға тәрбие субьектісі ретінде қарап, олардың белсенді іс-әрекетін ұйымдастырып, басшылық жасауы қажет. Тәрбиенің барлық түрі біртұтас педагогикалық процесс шеңберінде қарастырылады (Н.Д.Хмель).

Тәрбиенің мақсаты - жастардың тұлғалық қасиеттерін дамыту, олардың жоғары адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру, өмірге, еңбекке әзірлеу.

Осыған байланысты тәрбиеге қойылатын негізгі мақсаттар мынадай:

- жеке тұлғаның дүниеге ғылыми көзқарасын дұрыс қалыптастыру;

- жеке тұлғаның даралық және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.

Тәрбиелік мақсатқа сәйкес, тәрбие мынадай кешенді міндеттерді шешуді алға қояды: дүниетанымы кең, ой-өрісі жоғары, жеке тұлғалық қасиеттері дамыған адамның негізін қалыптастыру; еңбек, таным, қоғам, отбасы, уақытты тиімді пайдалана білу тәрізді әлеуметтік қызметтерді өз мәнінде қабылдап, оларды пайдалана білуге даярлау, кәсіп таңдау; өз тағдырын өзі шешуге мүмкіншілік жасау, оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, өз бетімен білім алуына мүмкіндіктер туғызу.

Тәрбие - педагогикалық процестің жетекшi компонентi

Тәрбие мақсатын жүзеге асыру, оның құрамды бөліктерінің байланыстарын шешуді талап етеді. Тәрбие мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін оның мазмұны, тәрбие әдістері мен құралдары, формалары бірімен-бірі тығыз байланыста қарастырылуы тиіс.

Мұғалімнің іс-әрекет обьектісі – педагогикалық процесс. Педагогикалық процестің түпкі мақсаты адамның тұлға ретінде қалыптасуы болса, онда педагогикалық процестің элементарлық бірлігі - бастапқы абстракция болып қалыптасудың қас-қағым сәті “педагогикалық ситуация” болады.

Педагогикалық ситуация педагогикалық шындыққа тән көпқырлы болады, оның нақты бір қырына көңіл бөлу қажет, мысалы, оның орны, өтетін уақыты, себеп-салдары, пайда болу жағдайы, тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктері, әлеуметтік жағдайы, психо-физиологиялық ерекшеліктері, іс-әрекеттің мазмұны мен тәсілі айқындалып, қас-қағым сәттегі педагогикалық процесс ішіндегі тұлға қозғалысының дамуын көруге мүмкіндік туады.

Педагогикалық процесте “ұстаз – оқушылар”, “оқушы – оқушы”, “сынып оқушылары – сынып ұстаздары” жүйесі қызмет етеді. Мектептің педагогикалық процесі – “мектеп – оқушылар” жүйесінің өмір сүру қызметінен тұрады.

Мектеп педагогикалық процесі көп деңгейлі және көп құрылымдық құбылыс, себебі олар өзінен кейінгі деңгейдегі жүйелерді қамтиды. Жүйе тек іс-әрекетпен алмасу арқылы өмір сүреді. Мәселен, ұстаздар оқушыларды әр-түрлі тәсілдер мен іс-әрекеттерге тәрбиелесе, онда оқушылар оны меңгере отырып, педагогикалық процестің белсенді қатысушылары болып, тек репродуктивті деңгейде ғана емес, шығармашылық деңгейіне көтеріледі. Педагогикалық процесте мұғалімнің басқару обьектісі - оқушылардың іс-әрекеті болады. Іс-әрекеттің барлық бөлшектері (мақсат, міндеттер, мазмұн және т. б.) жүйелі қызмет ету үшін, оқушы оны меңгеруі тиіс. Ол үшін ұстаздар, ата-аналардың іс-әрекеттері оларға көмек көрсетуге бағытталуы керек.

Педагогикалық процестегі мұғалімнің басқаруы - субьектілер арасындағы қарым-қатынастар болады. Олар арқылы субьектілердің іс-әрекетімен бірге олардың дамуына тиімді жағдайлар қамтамасыз етіледі.

Педагогикалық процесс оқушылардың ұстаздармен бірлескен, және олардың басшылығымен жүзеге асатын іс-әрекеті, ол әлеуметтік тәжірибені меңгеруге және әрбір оқушы тұлғасын қалыптастыруға бағытталып, дамуға және өзін еңбекте, қоғамдық өмірде жүзеге асыруға дайын болуын қамтамасыз етеді.

Қоғамдық мәдениеттi игеру - тәрбие мақсатының әдiснамалық негiзi

Мәдениет – адамдардың бірлесе атқаратын ғылыми, моральдық-әлеуметтік, көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы қарым-қатынастар жиынтығы. Мәдениеттің мәні адамның өзіндік адамдық еңбегімен байланысты туындайтын өнім. “Адамды адам еткен еңбек“ деген қағида осыдан шығады.

Материалдық мәдениет адам қолымен жасалған материалдық құндылық заттардың жиынтығы (техника, құрал-жабдық, әр түрлі бағыттағы обьектілер, т.б.).

Рухани мәдениет (интеллектуальдық) адамдардың табиғат пен қоғамды қабылдауы мен бейнелеуіндегі белгілі бір ғылым немесе өнереде айқындалған болмысы ретінде қабылданады. Әлеуметтік қалыптағы мәдениет, қоғамдық өмірді ұйымдастыру (экономика, құқық, саясат, т.б.) мінез-құлыққа тәуелді еместігімен ерекшеленеді.

Мәдениетте пайда болатын әлеуметтік идея жеке тұлғаның бойына адамды әлеуметтендіру үрдісі барысында енеді, яғни жеке адамға жалпыадамзаттық мәдениеттің жиынтығын бүгінгі нарықтық экономиканың талаптарына негіздей отырып меңгерту көзделеді.

Осымен байланысты мұғалімнің кәсіби біліктілік бағыты күшейеді. Жеке тұлғаны қалыптастыру процесін ұйымдастыру үшін оның үнемі мәдениетке кіруіне зер салу, бүгінгі мәдени жетістіктер дәрежесінде әлемдік мәдениетпен қарым-қатынас жасауы арқылы тұлғаның әлеуметтік өмірдің мағынасына енуін қарастыру көзделеді.

Жеке тұлғаның осы заманғы тәрбиесінің негізіне адамзаттық мәдениеттің бүкіл дүниежүзілік қоры алынуы керек. Атап айтқанда, мәдениеттің барлық түрі: ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, этикалық, экологиялық, экономикалық, саяси, құқықтық мәдениеті, тұлғаның кәсіби бағдары мен политехникалық, еңбек мәдениеті қамтылады.

Мәдениеттің осы түрлерінің бәрі, олардың өзара әрекеттеуі адамның дүниені, табиғатты, қоғамды, техниканы, өнерді біртұтас қабылдауымен бірге, оның тұтас ғылыми көзқарасын қалыптастыруға негіз болады.

Ғылыми көзқарас – ғылыми негізделген сенімнің, көзқарастың адамның табиғат және қоғаммен қатынастарындағы мінез-құлқын, эмоционалдық сезімін, танымдық қызметін айқындайтын кешен. Көзқарастың осы сипаттамасының мәнін ашу үшін, тәрбиеші өзінің жалпы жеке бас мәдениетінің жүйеге келтірушілік, кіріктірушілік рөлін түсініп, өзінің бойында жалпы әлемдік мәдениеттің барлық түрін жинақтап кіріктіре пайдалануы тиіс.

Интеграциялы, яғни кіріктірілген көзқарас осы заманғы оқушының тұтас тұлғасын қалыптастыру мақсатында тәрбиелік қызметтің негізгі компоненттерінің ара қатынасын күшейтуге және оны жүзеге асыруға мұғалімді бағыттайтын әдіснамалық ұстаным ретінде қарастырылады.

Тәрбие үрдісінің мақсаттылығы нақты өмір талабына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін береді. Оны тәрбишілер өз қалауымен анықтай алмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның саяси-экономикалық, мәдени даму деңгейімен тығыз байланысты.

Қазақстан Республикасы әлемдік білім кеңістігіне енуді мақсат етуіне орай, мектептегі білім беру саласының түбегейлі өзгеріске түсуі оқушылардың тәрбиелік, мәдени деңгейін әлемдік жетістіктер деңгейіне көтеруді қажетсінеді. Осыған орай қазіргі заман оқушыларын тәрбиелеу мақсаты ізгілікті, білікті, мәдениетті, өзіндік өмірлік ұстанымы бар, қарым-қатынас мәдениеті жетілген, өз өмірін құруға, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бейім жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.

Тәрбиенің мәдени құбылыс ретіндегі міндеттері: ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, этикалық, эстетикалық, экономикалық, экологиялық, құқықтық, саяси мәдениет түрлерін мектеп қабырғасынан қалыптастыру көзделеді. Мәдениетті кешенді түрде қалыптастыруды жүзеге асыру, жеке тұлғаның сапалық қасиетін арттырады. Тәрбиенің мазмұнына бүкіл мәдениет жетістіктері қамтылады. Тәрбие мазмұны тәрбие міндеттерін толықтай жүзеге асыруды қарастырады. Сөйтіп, тәрбие мақсаты, міндеттері, мазмұны тығыз байланыста оқушылардың жас және жеке, дара ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылады.

Тәрбие процесiнiң өзiндiк ерекшелiктерi. Тәрбиенің қоғамда атқаратын қызметіне қарай, өзіндік ерекшеліктері болады.

Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Адам қоғамнан тысқары өмір сүре алмайды. Қоғамның дамып өркендеуіне байланысты, тәрбиенің мақсаты жаңа жағдайға байланысты толығып отырады.

Тәрбие - біртұтас процесс. Тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру бірыңғай жағдайда, бір уақытта іске асырылады. Тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді.

Тәрбие - ұзақ, әрі күрделі процесс. Адам туып, есею барысында тәрбиенің ықпалында болады. Онан кейінгі уақытта өзін-өзі тәрбиелеу процесімен жетіледі. Тәрбие мақсатының нәтижесіне дереу қол жеткізуге болмайды. Мектепте әр оқу сатысындағы оқушылардың тәрбиелік деңгейіне талаптар қойылып, соған қол жеткізу көзделеді. Тәрбиеге іштей және сырттай ықпал жасалады.

Тәрбие - көпжақты процесс. Мектеп оқушыларын тұлға етіп тәрбиелеу, қалыптастыру, дамыту, оларды қоғамдық өмірге даярлау барлық қоғам азаматтарының міндеті. Қоғамның тәрбиелік әрекетін бірыңғай бағытта ұйымдастырып, оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыруды жүзеге асыратын мектептегі ұстаздар ұжымы мен отбасы.

Тәрбие көп факторлы, екi жақты және белсендi үрдiс. Тәрбие - жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы. Тұқым қуалаушылық, орта және тәрбие жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының негізгі обьективті факторлары болып табылады. Биологиялық фактор, тұқымқуалаушылық пен адамға тән қасиеттер: іс-әрекеттің кез келген түріне бейімділігі жатады. Адамның биологиялық жетілуі мен өзгеру процесі оның мінез-құлқына әсер етеді.

Адамның жеке тұлға болып қалыптасуына сөйлеу, ойлау, тік жүру секілді адамға тән бейімділіктердің дамуы үшін қоғам мен орта қажет. Адамның мейілінше дамуына әсер ететін әлеуметтік орта, әсіресе, қазіргі уақыттағы экономиканың өзгеруі, қала мен ауылдағы өмір жағдайлары, миграциялық және демографиялық процестер, сәбилердің дүниеге келуіндегі, өмірінің ұзақтығындағы өзгерістер, т.с.с. жатады.

Тәрбие - жеке тұлғаны қалыптастыру процесі. Ол білім беру орындарында жүргізіледі. Мектепте педагогикалық процесті сауатты ұйымдастырумен бірге, оқушылардың жан-жақты қызмет әрекетін тиімді ұйымдастыру, жеке тұлға дамуының шарты болып табылады.

Тәрбие процесінің күрделілігі оның сан-алуан болуымен қарастырылады. Мектепте тәрбиелік ықпалдардың барлығын интеграциялы, яғни кіріктірілген қатынаста іске асыру қажеттігі пайда болады. Тұлғаның біртұтастығын қамтамасыз ету тәрбие үрдісінің мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, әдістері мен формаларын бірімен-бірін тығыз байланыста жүргізудің керектігін көрсетеді. Тұлғаның сапалық қасиеттерін қалыптастыру бір сәтте, кешендітүрде іске асырылатыны белгілі, сондықтанда педагогикалық ықпал да кешенді сипатқа ие болуы тиіс.

Тәрбие ұғымы қоғамдық категория ретiнде қызмет етедi. Олай болса, оның анықтамасы, мақсаты және мiндетi адамзат қоғамында болған әрбiр өзгерiстен соң мiндеттi түрде өзгерiп отырады. Өйткенi, сол қоғамда өмiр сүретiн адамдардың әлеуметтену процесi нәтижесiнде бүкiл болмысы, психологиясы, сұранысы және т.б. өзгередi. Олай болса, оларды тәрбиелеудiң теориясы мен әдiс - тәсiлдерi де өзгеруге тиiстi. Оған дәлел, кеңестiк тәрбиедегi жеке адамға қойылған талап пен бүгiнгi балалар тәрбиесiне қойылатын талап бiрдей еместiгi. Елiмiздiң егемендiк алуына байланысты тәрбие ұлттық бағытқа бет бұрды. Өйткенi, қоғамға тәуелсiз қазақстанның ұлттық тәрбиесiн алған жастарын қалыптастыру қажеттiлiкке айналып, тұңғыш рет 1993 жылы жаңа ұлттық тәлiм-тәрбие тұжырымдамасы жарық көрдi. Онда тәрбиеге берiлген анықтама да жаңаша бағытта берiлдi яғни онда:"Тәрбие дегенiмiз-халықтың ғасырлар бойы жинақтап, iрiктеп алған озық дәстүрлерiн жас ұрпақтың бойына сiңiру",-деп анықтама берiлдi. Ал, тәрбиенiң негiзгi мақсаты-ұлттық тәрбие беру болды. Себебi, бiздiң ұлтымыздың ғасырлар бойы қолданып келген дәстүрлi тәрбие тәжiрибесi өте жоғары тиiмдiлiк көрсетiп келгенi бәрiмiзге белгiлi. Онда тәрбиенiң алдына қойған мiндеттерi: ең алдымен денi сау, ұлттық сана сезiмi оянған, рухани ойлау дәрежесi биiк, мәдениеттi, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, iскер және бойында басқа iзгi қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу деп көрсетiлдi. Осы мiндеттердi мемлекеттiк тұрғыда жүзеге асыруда мектеп бағдарламаларына көптеген өзгерiстер яғни жаңа оқу пәндерi енгiзiлiп, тәрбие сағаттарының ұйымдастырылуы мен мазмұны жаңаша этнопедагогикалық тұрғыда қарастырылды.

Қоғамда нарықтық экономиканың келуiне байланысты балалар психологиясын нарық талаптарына сай тәрбиелеу қажеттiлiкке айналды. Оларда ұлттық тәрбиемен қоса нарық заманына сай қасиеттердi қалыптастыру тәрбие мақсатына айналды. Осы тұста ғалымдар Қоянбаевтар тәрбие ұғымына былайша анықтама бередi:"Тәрбие дегенiмiз-жастарды қоғамда өмiр сүруге және еңбек етуге бейiмдеу".

Гумандылықты тәрбиелеу. Гуманизм (латын сөзі - адамгершілік) дүниетаным принципі. Оның негізіне адам мүмкіншілігінің шексіздігіне, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты деген мұрат жатады. Гуманизм XIV-XVI ғ.ғ. қоғамдық ой-пікірде, әдебиетте, өнерде, ғылымда алдыңғы қатарлы прогресшіл идеялық ағым ретінде қалыптасқан. Бертін келе адамды барынша ардақтайтын, адамгершілік қасиеттерін, бас бостандығын қорғайтын біртұтас көзқарастар жүйесіне айналды.

Гумандылық адамды құндылық ретінде екі қырынан қарастырады, бірінші қыры - әр индивидтің табиғи өмірінің және екінші қыры - әлеуметтік тұрғыдан қоғамда атқаратын қызметі мен оның тұлғалық сапасының дамуы.

Гумандылықжеке тұлғаның адамгершілік-психологиялық қасиеттерінің бірлігі, адамды жоғары құндылық деп саналы қабылдауы мен сезіну қатынасын білдіреді.

Гумандылықтұлғаның сапасы ретінде өзгелермен және тұлғааралық қарым-қатынаста қалыптасады. Тұлғаның бұл сапасына рахымдылық, достық, адамға дер кезінде көмекке келу, адамға мейірімділік көрсету тәрізді қасиеттер жатады. Рефлексия - басқа адамның мұқтаждығы мен көңіл-күйін сезіне білу, оның орнына өзін қойып, оның басынан өткен жағдайды сезіне білу, ол қиналғанда демеу көрсету. Толеранттық - өзгенің ой-пікіріне, сенімі мен қылықтарына төзімділік таныту.

Гумандылықты тәрбиелеу түрлі іс-әрекеттер мен тұлғааралық қатынастарда іске асады. Оқушы өзгелердің жеке басындағы түрлі жағдайларға түсіністікпен қарап, жолдастарының көңіл-күйімен бөлісе білуі тиіс. Оқушының басқалардың басына келген жағдайларға қаталдық танытуы мен бейжай қалып көрсетуі тәрізді жағдайлар, үнемі мұғалімнің назарында болуы керек. Мұғалімнің гуманитарлық кәсіби мәдениеті оқушыларда гумандылық сапаны тәрбиелеумен бірге, оны үнемі оқушылармен қарым-қатынаста қолдана білуі шарт. Ұстаздың оқушыға гуманды қарым-қатынасының тәрбиелік ықпалы өте жоғары болады. Сонымен қатар оқушылармен моральды-этикалық ағарту жұмыстарын да жүргізуі қажеттігін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Гумандылық, яғни адамшылықты тәрбиелеудің басты жағдайлары ұжымдық оқу жұмысы мен қоғамдық пайдалы еңбекке оқушыларды үнемі қатыстыру, әсіресе, біріне-бірі қамқорлық, көмек көрсететін, әлсіздерді қорғайтын ситуацияларды жиі пайдалануды қарастыру керек. Тәрбие барысында жақсылық пен жамандық, абстрактілі және практикалық гуманизм, әлеуметтік әділеттілік пен әділетсіздік туралы пікірлер, оқушылардың адамдар қарым-қатынасындағы гуманистік принциптерді түсінуіне мүмкіндік береді. Гуманистік дүниетаным жалпыадамзаттық сипатқа ие.

Саналы тәртіпті және мәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру

Адамгершілік тәрбиесінің маңызды элементтерінің бірі, саналы тәртіп және мәдени дағдыларды тәрбиелеу. Тәртіп дегеніміз - адамның кез келген әрекетін ұйымдастыра білуі. Тәртіп адамның қоғамдық ережелер мен тәртіпке сәйкес іс-қимылы мен өмір сүруін бейнелейді. Тәртіптілік жеке тұлға сапасы ретінде оның түрлі өмірлік әрекеті мен қызметіндегі ұстамдылығын, ішкі тәртібіне бейімдігін, жеке бастық және қоғамдық мақсатқа, мәдени қалыпқа, принципке бой ұсынуын көрсетеді.

Мектеп тәртібі қоғамдық тәртіп көрінісінің бірі. Оқу орнында қабылданған тәртіп, оқушылар мен мұғалімдердің және оқушылардың өзара қарым-қатынастары мен ұжым мүшелері қабылдаған ереже мен талап етілетін шарттарға мойын ұсынуы. Тәртіп адамгершілік тәрбиенің бір қыры болғандықтан, оқушы мектепте орныққан тәртіпті саналы түсініп қабылдауы тиіс. Мектепте орныққан тәртіп, баланы әлеуметтік өмірге тәрбиелейді. Қалыптасқан тәртіп, баланың іс-қимылын, мінез-құлық дағдыларын анықтайды. А.С.Макаренко тәртіпті адамгершілік және саяси құбылыс деп санайды, сондықтан ол тәртіпсіздік пен қоғамдық тәртіп бұзуға қайшы келеді.

Мектеп тәртібін қадағалау, көпшіліктің талабын мойындауды білдіреді. Тәрбиеші оқушыға, саналы тәртіп пен мәдени дағдыларды меңгерудің, оқушының өзі, ұжым және қоғам үшін маңызды екенін түсіндіруі керек. Жеке тұлғаның тәртібі, оның еркі мен қабілетін ұйымдастыра білуіне, өз мақсатына жетуіне байланысты болады. Оқушының өз атқаратын ісіне жауапкершілікпен қарауға, кез келген жағдайға байланысты дұрыс шешім қабылдай білуге құқылы. Тәртіптілік жеке тұлғаның сапасы ретінде, мәдени дағдыларда бейнеленеді.


4784961282474163.html
4785024108310245.html
    PR.RU™